Матч орталығы
«Шахтер» капитаны ҚПЛ-ға оралғаннан кейінгі жоспарымен бөлісті
8 қараша, 15:15

Фото: Игорь Шацкий
Қарағандылық «Шахтердің» капитаны әрі қақпашысы Игорь Шацкий ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында туған клубының Қазақстан премьер-лигасына оралуына қатысты пікір білдіріп, команданың ортақ жеңісіне қосқан үлесін бағалады.
«Біз команда алдында тұрған басты міндет – премьер-лигаға оралу тапсырмасын орындадық. Менің қосқан үлесім? Ойыншы ретінде мен күн сайын, ең алдымен өзіме, өз мықтылығымды дәлелдеуге тырысамын. Дәл осылай жасауға міндеттімін деп санаймын, өйткені «Шахтер» – менің туған клубым, ал Қарағанды – туған қалам. Мен оны әрдайым қолдаймын.
Қандай да бір қиын матчтарды бөліп айту? Барлық ойын өзінше ауыр, өз тарихы мен қиындықтарына толы болды. Осы кезеңнен бірқалыпты өткенімізге Жаратқанға шүкір. ҚПЛ-дағы келесі маусымға келсек – көре жатармыз. Оқу-жаттығу жиындарына барамыз, дайындаламыз, содан кейін ғана бір қорытынды жасайтын боламыз», – деді қақпашы.
Бірінші лигадағы жеңісті маусымда Игорь Шацкий «кеншілер» сапында 19 матч өткізіп, небәрі жеті доп жіберіп алды және 14 кездесуде қақпасын «құрғақ» сақтады.
Еске салсақ, «Шахтер» 2026 жылғы бірінші лигада мерзімінен бұрын жеңімпаз атанып, элиталық дивизионға жолдама алды. Осылайша қарағандылықтар 2024 жылғы маусымның қорытындысы бойынша төменгі лигаға түсіп қалғаннан кейін араға екі жыл салып ҚПЛ-ға қайта оралды.
Қазан айының соңында Қарағандыда командаға алтын медаль табыстауға арналған ресми марапаттау рәсімі өтті. Қазіргі уақытта Тимур Турлов басқаратын клуб алдына ауқымды стратегиялық мақсаттар қойып отыр: жоғары дивизионда тұрақтап қалу, өз академиясын дамыту және еурокубоктарға шығу үшін таласу.
Мадияр Бескемпір