Матч орталығы
«Жанжал шешілді». «Жеңісте» Қуаттың клубтағы болашағы туралы айтты
21 қазан, 20:00

Фото: Исламбек Қуат
Елордалық «Жеңіс» клубы Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуаттың жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Клуб өкілдері хабарлағандай, 33 жастағы футболшымен болған оқиға толығымен шешілді. Жақын күндері тәжірибелі хавбек команда сапына оралып, толыққанды жаттығу үрдісіне кіріседі.
Еске салайық, бұған дейін Қуат елордалық ұжымның өтініміне енбей, командамен бірге Қостанайға «Тобылға» қарсы сырт алаңдағы матчқа (2:4) бармаған болатын. Ойыншының жоқтығына байланысты оның клубтан кетуі мүмкін екендігі туралы ақпарат тарады. Атап айтқанда, жартылай қорғаушыға «Қызылжар» мен қарағандылық «Шахтер» белсенді қызығушылық танытып отырғаны айтылған еді.
Айта кетейік, Исламбек Қуат елордалық «Жеңіс» құрамына 2025 жылдың ақпан айында «Астанадан» еркін агент құқығында ауысып келді. Биылғы маусымда жартылай қорғаушы Қазақстан чемпионаты мен Кубогында 27 матч өткізіп, екі гол соқты және үш нәтижелі пас берді. Оның еншісінде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өткізген 75 матч пен алты соғылған доп бар. Ойыншының трансферлік құны 275 мың еуроға бағаланады.
Әлім Динасылов