«ҚПЛ-ды қысқарту керек»: спорт менеджері – Қазақстандағы ақша мен келісілген ойындар туралы
4 тамыз, 18:33

Фото: Алимжан Жалелов
ҚПЛ-2026 – қазіргі тарихтағы ең шулы маусымдардың бірі. Кейбір командалар өзгелердің ареналарын паналап жүрсе, енді біреулері келісілген матчтар өткізді деп күдікке ілінуде. Дегенмен жекешелендіру және «алтын» үшін тартысты бәсеке сияқты жағымды белгілер де жоқ емес.
ASnews.kz басылымына берген сұхбатында спорт менеджері Алимжан Жалелов:
чемпионатты қысқартудың және легионерлер лимитінің маңыздылығын айтты;
жаңа турнир енгізуді ұсынды;
«Астана» мен «Тобылдың» төмендеу себептерін бағалады;
екінші дивизиондағы келісілген ойындар туралы білетінін мойындады.
– Бұл маусымда ҚПЛ қатысушыларының саны 16-ға дейін көбейді. Жарты жыл өткен соң бұл реформаны қалай бағалайсыз?
– Бұл реформаны сәтсіз деп айтуға болмайды – регламентпен ақылды әрі кәсіби мамандар айналысады. Әйтсе де келесі жылы чемпионатты айтарлықтай қысқарту қажеттілігі туындап отыр: көптеген клубтарда тиісті инфрақұрылым мен қаржы жоқ. Ал кейбір басшылар мемлекет ақшасын бей-берекет жұмсап, салдарынан қарыздары өсіп жатыр.
Күзге қарай біреулерге тағы да қаржы жетпей жатқанын естиміз деп ойлаймын. Ал қатысушылар санын азайту шығындарды оңтайландыруға жақсы әсер етер еді – ойындар бұлай көп болмас еді. Иә, спорттық тұрғыдан бұл онша жақсы емес. Қазақстандықтар онсыз да Еуропадағыдай көп тур өткізбейді, дегенмен бұдан да шығу жолын табуға болады.
Дерек: ҚПЛ командаларының жартысы маусымды өз аренасыз бастады.
– Мысалы?
– Төл жас футболшылар өнер көрсететін тағы бір турнир – премьер-лига кубогын қосу орынды. Қазақстан кубогын да бастапқы кезеңдерде аймақтық деңгейде шектеген тиімді. Еліміз үлкен, бірақ халық саны көп емес, ал телеқұқықтар сатылмайды.
Стадиондар лық толмайды, ал басшылар маркетингке ақша бөлуге асығар емес. Сондықтан иен стадионда ойнау үшін ұзақ қашықтыққа ұшып бару шағын клубтарға да, бай клубтарға да ақталмайтын шығын.
Аутсайдерлерге қарсы ойындарда ойыншыларың тәжірибе жинамайды, тек жарақат алып қана қайтады. Ал олар әлі еурокубоктарда ел намысын қорғауы керек.

– Ондаған қазақстандық еуропалық академияларда шеберлігін шыңдауда. Жергілікті жастарға да сондай негізді қалай қалыптастыруға болады?
– Ең алдымен, алаңдарды ҚПЛ үшін емес, солар үшін салу керек. Бұдан бөлек, меніңше, әрбір клуб жыл сайын халықаралық жарыстарға (Еуропа, Ресей және т.б.) 3-5 жасөспірімдер командасын жіберіп отыруы тиіс.
Әрине, балаларға, инфрақұрылымға, маркетингке және салыққа кеткен шығындардан кейін көп ақшаң қалмайды. Тіпті бірінші лигаға түсіп қалуың да мүмкін, бірақ сауатты функционер ретінде жоғары дивизионда соқыр үмітпен нәтиже қуудың қажеті жоқ. Есесіне орнына жоғары деңгейлі клуб аласың.
Жастар мен жасөспірімдерге жылына кемінде 400-500 млн теңге бөлетіндерді ғана қалдыру керек. Сонымен қатар, оларды «қалдық принципімен» киіндіруді тоқтатып, соңында түпнұсқа (оригинал) форма беру керек.
Неге жанкүйерлер үшін дұрыс жағдай жасамасқа? Фан-шоптар, кафе, мықты кейтеринг және қызықты YouTube-арналар. Егер мұның бәрі болмаса, мықты команда құрудың өзі ақылға сыймайды. Инфрақұрылым болмаса, чемпиондық та, еурокубок та ешкімге керек емес.
Кейбір футболшылар, бапкерлер мен директорлар әкімдер үшін ойнаймыз деп ойлайды. Бүкіл өркениетті әлемде кез келген жанкүйер мен журналист мәртебесі жағынан мэрден де, клуб президентінен де жоғары тұрады. Және де жастарға, балаларға, жасөспірімдерге, жанкүйерлерге жасалған жағдай негізгі командадан да маңыздырақ.
– Ал қалғандарымен не істейміз?
– Бірінші лиганы кеңейтіп, онда аймақтық деңгейде ойнау керек, бұл қызығушылықты арттырар еді. Шартты түрде бес пен алтыншы командалардың ойындарын қараңызшы – оларда ешқандай мотивация жоқ. Оларға ештеңе де керек емес: жоғары көтеріле алмайды, төменге құламайды. Ал егер қарыздары болса, келісілген ойындардың қаупі туындайды. Бұл қазірдің өзінде болып жатқан жағдай.
Бүгінде масқара жағдайға жеттік: мақсаты да, қаржысы да жоқ клуб қонақ қабылдай алмайтын командамен ойнау үшін Қазақстанның екінші шетіне ұшуға мәжбүр. Ал оның орнына, айталық, бір аймақтың төрт командасынан тұратын топтарда мүлдем басқаша мотивация болар еді. Плей-оффқа шығу қиын болар еді, ал бұл кезеңді бәрі қызығушылықпен бақылайтынына сенімдімін.
Бұл маусымда екінші дивизионның екі ойынын көрдім, шыдау мүмкін емес. Мүлдем қызықсыз.
– Қазіргі қатысушылар санының өзінде ҚПЛ-да аптасына бір-ақ рет ойнайды, ал оны қысңартса не стартты жылжытуға, не үзіліс қосуға тура келеді. Сіз қай нұсқаны қолдайсыз?
– Турлар дерлік бүкіл трансферлік кезең бойы өтеді, ал футбол тұрғысынан бұл – бұрыс. Әрине, бұл амалсыздан жасалған шара, өйткені халықаралық үзіліс те бар. Бірақ елестетіп өзіңіз көріңізші: үш ойыншыны жібересің, жаңадан келгендер тіпті әріптестерімен танысып, пәтер жалдап үлгермей жатып, оларды алаңға шығаруға мәжбүрсің.
«Трансферлік терезе» деген сөздің өзі айтып тұр – бұл аралықта ойнау қалыптаспаған. Сондықтан үзілісті ұзартудың немесе оны бағанағы премьер-лига кубогымен толтырудың мәні бар. Соншалықты беделді трофей болмаса да, қаншама жас жігіт тәжірибе жинар еді. Мүмкін, қазір бір жерде ҚПЛ-да мүмкіндік беруге қорқып отырған жаңа Сәтпаев отырған шығар?
– ҚФФ Атқарушы комитеті легионерлер лимитін кезең-кезеңімен қатаңдатуды бекітті: 2027 жылы өтінімде 9 шетелдікке дейін, ал 2028 жылы 8-ге дейін. Бұған не дейсіз?
– Мен футболға жасанды түрде араласу ретінде лимитке түбегейлі қарсымын. Бірақ оның қажет болатын кезеңдері де бар. Қазір біз дәл сондай кезеңдеміз, өйткені сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары, трансферлік комитеттер жоқ және білікті директорлар мен скауттар аз.
Әрине, көбінесе жұлдызды легионерлер Қазақстанға немесе оның кейбір облыстарына келмейді, өйткені отбасына мұнда жайсыз болады. Ал шектеу болмағанда, агенттерімен «келісуге» болатын екінші сұрыпты шетелдік футболшылар қаптап кетеді.
Клубтарды дамытуды жақсы түсінетін бұрынғы досым есептеп көрді: егер биыл оларға 200-ден астам жергілікті футболшы қажет болса, келесі жылы бұл көрсеткіш 350-ге жетеді. Нарықта командалардың тіпті шетелдегі қазақтарға назар аударып жатқанын байқауға болады. Ондай ойыншыларға сұраныс артты.
– Бұрын сіз ҚПЛ футболшыларының трансферлеріне араластыңыз, сондықтан сандардан хабарыңыз бар шығар. Жалақы қаншалықты өзгеріп жатыр?
– Қазір мендегі бүкіл ақпарат 5-6 жылдық әріптестіктен кейін кеңес беріп жүрген жас футболшылардың ата-аналарының сөзімен ғана шектеледі. Жалпы алғанда, орташа жалақы төмендеді, бірақ жас қазақстандықтар жоғары бағалана бастады.
Мұндай футболшыға айына 400-500 мың теңге төлей алмайсың, өйткені ол бұл ақшаға өмір сүре алмайды. Ал кезінде премьер-лигада тіпті Чемпиондар лигасында ойнау тәжірибесі бар футболшылардың өзі осындай жалақы алған еді. Бірақ иә, экономикалық жағдай бұрынғыдай емес, қомақты сандар жоқ. Енді бүкіл үміт жеке инвесторларда.
Дерек: Бұған дейін Жалелов Данил Анкудинов, Мохаммед Еңсебаев, Хамза Якуди және Микаэль Асқаров сияқты жас футболшылардың трансферлеріне қатысқан.

– Клубтардың басым бөлігі жекешелендірілді. Қай кейсті ең үздік деп санайсыз?
– Әлі баға беру ерте, өйткені жаңа иелерінің көбі футболдан алыс адамдар. Иә, директорларды тағайындайды, бірақ өздері бұл істің қыр-сырын әлі түсінбейді. Оларды ұзақ жол күтіп тұр: шетелдік мамандар мен агенттер тарапынан әлі талай алданады. Алғашқы екі жылда мен ешқандай баға бермес едім.
«Ақтөбеде» не болып жатқанына қараңызшы – бір директор келеді, кейін екіншісі... «Ордабасыда» маркетинг, инфрақұрылым мен жастарды дамыту тамаша жолға қойылған, бірақ олардың мүмкіндігімен одан да мықты футболшылар мен бапкерлерді таңдауға болар еді.
Олардың турнирлік кестенің жоғарғы жағында жүргеніне тым мәз болудың керегі жоқ. Бұл шымкенттіктердің өскенінен емес – жай ғана қарсыластары әлсіреп кетті. «Астана», «Тобыл» және «Елімай» бұрынғыдай емес.
– «Астананың» құлдырауы туралы не ойлайсыз? Жеке иесінің болмауы Конференция лигасының іріктеуіндегі сәтсіздікке тікелей әсер етті деп айтуға бола ма?
– Сөзсіз. Қаржысыз ойнау өте қиын. Ақшасы болған кезде «Астананың» деңгейі әлдеқайда жоғары еді. Бұл команда біреуге ұнауы немесе ұнамауы мүмкін, бірақ ол – елдің жүзі. Кезінде «Атлетиконы» алып келіп, «Манчестер Юнайтедті» жеңген (2:1). Ықтимал инвесторлардың «елордалықтармен» жұмыс істеуіне не кедергі екенін нақты білмеймін, бірақ оларды құтқару керек.
– Ал «Тобыл» ше?
– Біріншіден, басшылар бапкерден де, селекциядан да қателесті. (Нұрбол) Жұмасқалиевтің қолынан бәрі келсе керемет болар еді – ол хейтері жоқ адам. Бірақ ол киім ауыстыратын бөлмедегі бақылауды жоғалтқан сияқты немесе кейбір футболшылар үмітті ақтамады. «Тобылдың» қазіргі жағдайы өкінішті. Толық трансформация жасаған артық болмас еді.
– Чесноковтың оралуы – тығырықтан шығар амал ма?
– Шын мәнінде, Ислам қостанайлықтар үшін құтқарушы емес. Ол жарқын шабуылшы, бірақ неге ол әлі де ашыла алмай жүр?
Жақында ұлттық құрама футболшылары тереңдетілген анализдер тапсырды: қан айналымы жүйесі, бұлшықеттер және т.б. Соның нәтижесінде топ-чемпионат деңгейінде ойнай алатын жалғыз футболшы – Ян Вороговский екені белгілі болды. Тек соның ағзасы ғана мұндай жоғары жүктемелерге төтеп бере алады.
Демек, қанша жерден техникалық шебер ойнаушы болсаң да, қарқынға ілесе алмайсың. Мүмкін, Чесноковтың жағдайы да осылай шығар. Егер «Тобылға» көмекші керек болса, жергілікті футболшыларға да жүгінуге болар еді. Оны қарсыластарын күшейтпеу үшін ғана қайта шақырғандай әсер қалдырады.
Әлишер Аманжол