Букмекерлер қателеспеді ме? «Ертіс» 104-минутта «Каспийден» жеңісті жұлып алды
1 тамыз, 19:12

Қазақстан премьер-лигасының 20-турында өзінің алаңында өткен кездесуде павлодарлық «Ертіс» ақтаулық «Каспийді» 3:2 есебімен ұтты.
Бұл ойын бастапқы ысқырық шалынғанға дейін-ақ букмекерлік кеңселердегі аномальды котировкалар салдарынан үлкен назар аудартқан еді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Соңғы минуттардағы пенальти драмасы
Оралдық Денис Тевяшов бастаған төрешілер бригадасы қызмет көрсеткен «Орталық» стадиондағы кездесу өте тартысты өтті.
Есепті қонақтар ашты – «Каспий» шабуылшысы Ноа Ндомбази мергендігімен көзге түсті. Алайда үзілістен кейін павлодарлықтар қарсыластың қателіктерін шебер пайдаланды: Жан Морел По мен Юши Шимамура есепті өзгертіп, «Ертісті» алға шығарды.
Ақтаулық клуб Павел Седьконың орындауындағы пенальтидің арқасында таразы басын теңестіре алды. Бірақ шешуші сәт төреші қосқан қосымша уақытта орын алды: 104-минутта Жан Морел По он бір метрлік нүктеден жеңіс голын соғып, дубль авторы атанды – 3:2.
Күмәнді бәстер және ҚФФ назары
Еске сала кетейік, осы матчтың қарсаңында жанжал шыққан болатын. Қазақстан футбол федерациясына (ҚФФ) бұл кездесудің күмәнді сипаты туралы ақпарат келіп түсті.
Букмекерлер «Ертістің» жеңісіне берілетін коэффициенттерді күрт төмендетті (павлодарлықтардың мүмкіндігі тым жоғары бағаланды), ал кейбір кеңселердің желісінде бұл матч бәс қабылдаудан мүлдем алып тасталды.
Жағдайды шиеленістіріп отырған жайт – бұл ҚПЛ аутсайдерінің қатысуымен болып жатқан алғашқы оқиға емес. Бұған дейін павлодарлық ұжымның «Ұлытауға» қарсы 2:1 есебімен жеңіспен аяқталған ойыны да ҚФФ тарапынан тексеріске алынған еді – ол кезде де матчтың дәл есебі көрсетілген ақпарат кездесу басталмай тұрып федерацияға жолданған болатын.
Турнирлік кестедегі жағдай
Осы жеңіске қарамастан, «Ертіс» 17 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде әлі де соңғы, 16-шы орында қалып отыр және Премьер-лигада жан сақтап қалу үшін ауыр күресті жалғастыруда. Ал «Каспий» 21 ұпаймен кестенің ортаңғы бөлігінде орналасқан.