Матч орталығы
Бапкердің қатаң тәртібі: «Андерлехт» жартылай қорғаушысы «Қайратпен» өткен матчтан телефоны үшін тыс қалды
22 тамыз, 11:48

Фото: Нейтан Салиба
Бельгиялық «Андерлехт» клубының жартылай қорғаушысы Нейтан Салиба тәртіп ережесіне байланысты Еуропа лигасы плей-офф раундындағы «Қайратқа» қарсы алғашқы матчтың (3:0) өтініміне енбей қалды, деп хабарлайды ASnews.kz La DH басылымына сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, брюссельдік клубтың бас бапкері Витор Бруну 22 жастағы канадалық хавбекті Алматыға келген соң қатаң жазалаған. Ойын алдындағы командалық жиналыс кезінде Салиба ұялы телефонын алып пайдаланған, ал бұл португалиялық маманның ережелері бойынша қатаң тыйым салынған әрекет болып саналады. Нәтижесінде футболшы ойынды трибунадан тамашалады.
Канадалық футболшы ішкі чемпионатта «Беверенге» қарсы сәтсіз ойыннан кейін орталық шептегі бәсекелестеріне ұтылып, бапкердің сенімінен де шығып қалған еді. Алаңнан тыс жердегі бұл тәртіпсіздік оның жағдайын одан әрі ушықтырды – енді Салибаның «Андерлехтегі» болашағы үлкен күмән тудырып отыр.
«Андерлехт» Алматыда 38-минутта Александр Широбоков алаңнан қуылғаннан кейін сан басымдылығын пайдаланып, «Қайратты» 3:0 есебімен жеңді.
Жауапты кездесу 27 тамыз күні Бельгияда өтеді.
Тәртіп бұзғаны үшін шеттетілген Салибадан бөлек, Қазақстандағы кездесуге брюссельдік клубтың қорғаушысы Мусса Ндиайе де жеңіл жарақатына байланысты қатыса алмады.
ҚПЛ маңыздырақ: «Қайрат» «Андерлехтке» қарсы қосалқы құраммен шығуы мүмкін
Әлім Динасылов