Матч орталығы
Орташа жасы – 21,9: «Шахтер» «Тұранға» қарсы матчта жастарға мүмкіндік берді
16 қазан, 19:32

Қазақстан бірінші лигасының 25-турында түркістандық «Тұран» өз алаңында қарағандылық «Шахтерді» минималды есеппен жеңді – 1:0, деп хабарлайды ASnews.kz.
Бұған дейін чемпиондықты мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен қарағандылық клуб бұл кездесуге өз түлектеріне басымдық берген құраммен шықты. «Кеншілердің» бастапқы құрамының орташа жасы бары-жоғы 21,9 жасты құрады, ал алаң иелерінде бұл көрсеткіш 24,4-ке тең болды. «Шахтердің» бапкерлер штабы алғашқы минуттардан-ақ 17 жастағы Никита Кильджиев пен Нұрали Азатқазыға, сондай-ақ 18 жастағы Даниял Назаров, Нұрхан Қағазбаев және Ален Пакқа сенім артты.
Екінші таймда ротация жалғасын тапты: тәжірибелі ойыншылардың орнына алаңға 17–19 жас аралығындағы тағы бір топ жас футболшы шықты. Ересектер деңгейіндегі ойын тәжірибесіне Расул Әкімов, Әли Ақылбаев, Глеб Макридов, Алан Азамат және Роман Асылбаев ие болды.
Голсыз өткен бірінші таймнан кейін түркістандықтар 70-минутта өз мүмкіндігін мүлт жібермеді: Матвей Герасимов Арман Кеңесовтің әуелетіп берген пасын басымен қақпаға дәл бағыттады.
Нәтижеге қарамастан, «Шахтер» (65 ұпай) бірінші лиганың жеңімпазы болып қала береді. Ал 54 ұпай жинап, үшінші орында келе жатқан «Тұран» да 2027 жылғы маусымда премьер-лигаға жолдама алғанын ресми түрде қамтамасыз етті. Екінші сатыдағы «Қайрат-Жастар» фарм-клуб мәртебесіне байланысты жоғары дивизионға көтеріле алмайды.
Айта кетейік, соңғы тур матчтары 22 қазанда өтеді: «Шахтер» Қарағандыда «Қайрат-Жастарды» қабылдайды, ал «Тұран» сырт алаңда шымкенттік «Академия Оңтүстікпен» кездеседі.
Ахмет Ержанов