Матч орталығы
Алматыдағы ауқымды финал: бәйгеден Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды
15 қазан, 20:59

Фото: Бәйге
Алматы ипподромында бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалдық шабыстары өтті. Маусымның қорытынды кезеңінде еліміздің ең мықты шабандоздары 11-ден 35 шақырымға дейінгі қашықтықта бақ сынап, бес түрлі бағыт бойынша мықтыларды анықтады.
Жарыс күнінің басты оқиғасы – 35 шақырымдық ең ұзақ қашықтықтағы «ұлы аламан» болды. Бұл беделді бәсекеде Ақбақай тұлпарымен Әбумансұр Мержанұлы жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды тиісінше Дамир Ілесбек (Айбатыр) пен Нұрислам Сайлау (Абадан) өзара бөлісті. Ал 25 шақырымдық классикалық «аламан бәйгеде» Айман есімді сәйгүлікпен Нұрасыл Бекбатыр бірінші болып мәре сызығын кесті. Ол Санжар Өмекей (МММ торы) мен Дамир Ілесбекті (Кито) артта қалдырды.
«Топ бәйгеде» (18 км) Мамлүк тұлпарын тізгіндеген Мейір Дәулетбай алтын жүлдеге ие болды. Күміс Ғұн есімді атпен шыққан Айсұлтан Саматұлына бұйырса, қола жүлдені Талдыбұлақпен Нұрасыл Өсер иеленді. 11 шақырымдық «құнан бәйгеде» Авиация есімді сәйгүлікпен топ жарған Нұржігіт Разаққа тең келер ешкім болмады.
Сонымен қатар, финал аясында тек Қазақстанда туған сәйгүліктер үшін 11 шақырымдық арнайы бәйге ұйымдастырылды. Бұл сында шабандоз Санжар Өмекей Сұлуқасқамен сенімді жеңіске жетіп, Ерсұлтан Жарқын (Саққұлақ) мен Ержан Нұрсұлтаннан (Сағадат) басым түсті.
Айта кетейік, 2026 жылғы маусымда бәйгеден республикалық чемпионаттың іріктеу кезеңдері жеті қалада: Қызылорда, Талдықорған, Екібастұз, Павлодар, Зайсан, Ақтөбе және Қостанайда өтті. Турнир географиясын тұрақты түрде кеңейтіп, жаңа есімдерді тартуда: жекелеген іріктеу кезеңдерінде жеңіс үшін 150-ге жуық шабандоз бақ сынады. Ұлттық біріншілік тұрақты форматта осымен бесінші маусым қатарынан өткізіліп келеді.
Ахмет Ержанов