Матч орталығы
ҚФФ матч нәтижесіне әсер ету әрекеті үшін төрешіні мерзімсіз шеттетті
31 тамыз, 13:24

Фото: ҚФФ
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) клуб өкілдері тарапынан төрешілерге қысым көрсету және пара беру әрекеттерінің анықталғаны туралы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ASnews.kz.
ҚФФ ақпаратынша, кейбір футбол клубтарының өкілдері спорттық артықшылыққа қол жеткізу мақсатында төрешілердің жұмысына заңсыз ықпал етуге тырысқан. Тексеріс барысында федерация реферилердің біріне заңсыз қысым жасау фактісі туралы нақты деректер алды.
Мән-жайларды қарастыру қорытындысы бойынша ҚФФ аталған төрешіні кез келген футбол қызметінен мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылдады. Төрешінің аты-жөні бұл кезеңде жарияланбады.
Федерация қатысы бар тұлғалардың мәртебесі мен беделіне қарамастан, матч нәтижелерін бұрмалаудың кез келген түріне «нөлдік төзімділік» принципін ұстанатынын атап өтті.
Әлім Динасылов