Матч орталығы
«Құрама – демалыс орны емес»: Ван ’т Схип – Сәтпаевпен сөйлесуі, оқу-жаттығу жиыны, ҚПЛ және Ұлттар лигасы туралы
3 қыркүйек, 19:26

Фото: Джон ван 'т Схип
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип УЕФА Ұлттар лигасының қыркүйектегі матчтарына дайындық барысы, Қазақстан өңірлерін аралаудан алған әсері, Дастан Сәтпаевпен қысқаша әңгімесі, сондай-ақ ойыншыларды таңдау критерийлері мен қорытынды құрамның жарияланатын күні туралы айтып берді, деп хабарлайды ASnews.kz.
Қазақстанды аралау және премьер-лиганың деңгейі туралы
Нидерландылық маман ҚПЛ матчтары мен қазақстандық клубтардың еврокубоктегі ойындарын белсенді түрде тамашалап жүр:
«Саяхаттау, жаңа жерлерді ашу және айналаммен танысу маған әрдайым ұнайды. Бұл жолы мен Семейге «Елімай» мен «Қайрат» арасындағы ойынды көруге бардым. Өте қызықты матч болды. Бірінші таймда «Елімай» жаман ойнаған жоқ, бірақ екі қателік жіберді, ал «Қайрат» жоғары тиімділік танытып, үш мүмкіндіктің екеуін голға айналдырды. Осыдан кейін алматылықтар екінші таймдағы қызыл қағазға дейін ойын тізгінін өз қолдарында ұстады.
Бұл кездесуде менің басты назарым ұлттық құрама үміткерлеріне ауды. Мен бұған дейін Қостанай, Түркістан, Ақтау қалаларында болдым, енді Семейге де жеттім. Барлық жерде мені өте жылы қарсы алып жатыр.
Жалпы лига туралы айтар болсам, ұйымдастырылуы жақсы. Дегенмен, стадиондар мен инфрақұрылымға қарап, Қазақстанға басқа еуропалық елдермен арадағы алшақтықты азайту үшін әлі де көп жұмыс істеу керек деп есептеймін. Дамуға деген ұмтылыстың бар болғаны қуантады – футболшылардың өсуі үшін клубтар мен мемлекет күш біріктіруі тиіс».
Ойыншылармен байланыс және Дастан Сәтпаевқа қоңырау шалу туралы
Джон ван ’т Схип «Бернли» шабуылшысы Дастан Сәтпаевпен қысқаша сөйлескенін, бірақ әзірге ешкімді бөле-жара қарағысы келмейтінін атап өтті:
«Мен ерекшелік жасап, біреуді бөле-жарғым келмейді. Сәтпаевпен FaceTime арқылы шынымен де сөйлестік – бұл тура екі минутқа созылған қысқаша әңгіме болды. Мүмкіндік болып жатса, Англияға ауысқан Дастан сияқты қазақстандық ойыншылардың шетелде бағын сынап көргені өте маңызды. Оның қолынан бәрі келеді деп үміттенеміз, өйткені бұл – қазақстандық футбол үшін жақсы жарнама әрі жастарға тамаша үлгі.
Мысалға, Нидерланды құрамасындағы ойыншылардың дэуірлігі дерлік Англия, Испания, Германия, Францияның үздік чемпионаттарында өнер көрсетеді, бұл команданың жалпы деңгейін едәуір көтереді. Ал Қазақстан құрамасының қалған футболшыларына келер болсақ, оқу-жаттығу жиынында әрқайсысымен жеке сөйлесемін. Бip-бiрiмiздi жақынырақ тану үшін алдымызда 17 күндей уақыт болады».
Іріктеу кезіндегі маңызды тұстар мен құрамның жариялану күні туралы
Бас бапкердің айтуынша, шақырылатын ойыншылардың қорытынды тізімі жақын күндері белгілі болады:
«Футболшыларды таңдау кезінде біз олардың шеберлігіне, біздің тактикалық моделімізге сәйкестігіне, физикалық бабына және тәжірибе мен энергия арасындағы теңгерімге назар аударамыз. Егер жас ойыншылардың бойында қажетті қасиеттер болса, оларға мүмкіндік беруден қорықпаймын.
Ақтық құрамды кезекті тур аяқталғаннан кейін, шамамен 11 қыркүйекке қарай жасақтаймыз. Қазір біз бақылап отырған бірнеше үміткердің физикалық жағдайына қатысты белгілі бір қауіптер бар. Ешкім үшін құрама есігі жабық емес: егер ойыншы қазір шақыру алмаса, бұл оның келесі жолы шақырылмайтынын білдірмейді. Және керісінше – толық қан төкпей ойнау командадағы орыннан айырылуға әкеледі».
Ұлттар лигасы алдындағы командаға қойылатын талаптар
Нидерландылық маман ұлттық құрама жұмыстың алғашқы күндерінен бастап барынша зейін қоюы керектігін баса айтты:
«Бiзде уақыт өте аз, бiз бiр-бiрiмiзге ендi ғана үйреніп келеміз. Ең бастысы – футболшылар жаттығуларда және теориялық сабақтарда барынша зейінді болуы керек. Алдағы матчтар – демалыс орны емес. Бiз мықты қарсыластарға қарсы ойнаймыз, алғашқы екі кездесу түзде өтсе де, нәтиже үшін күресуге дайын екенімізді бірден көрсетуіміз қажет».
62 жастағы нидерландылық маман Джон ван ’т Схип Қазақстан құрамасын 2026 жылдың тамыз айында басқарды. Оның қол астындағы алғашқы оқу-жаттығу жиыны 18 қыркүйекте басталады.
Ван ’т Схиптің ұлттық құрама тізгініндегі дебюттік ресми матчы 2026 жылдың 24 қыркүйегінде өтеді – Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында сырт алаңда Фарер аралдарына қарсы ойнайды. Ұлттар лигасының осы маусымында қазақстандық ұжым С тобында өнер көрсетеді.
Әлім Динасылов